Атыраудағы киелі мекеннің бірі – Ақмешіт қорымы

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысының Жылыой ауданында Ақмешіт аталатын киелі мекен бар. Жем өзенінің жағасындағы биік төбенің үстінде, Ақкиізтоғай ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 28 шақырым жерде орналасқан Ақмешіт қорымы Қазақстанның киелі жерлер географиясының картасына енген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұрын Ақмешіт қорымы туралы көп айтыла бермеуші еді. Ел-жұрт та жете білмегені анық. Десек те, кезінде Үстіртте болған экпедиция мүшесі А.О.Дюгамель Ақмешіт туралы «Ақ бор төбенің бетіндегі қасқырдың үңгіріндей тесікке бір адам зорға сиып, үш құлаштай үңгірмен жүргенде ені екі жарым, биіктігі кісі бойындай, дөңгелек киіз үй пішініндегі сағана тамға кіреді. Сыртта құдығы бар», -деп естелік қалдырған.

Ақмешіт –ағартушы, абыз-көреген, сәулетші Бекет Мырзағұлұлының (1750-1813 жж.) туып-өскен жері. Халық оны айрықша қадірлеп, әулие тұтқан. Ол 1771-1774 жылдары Ақмешітке жер асты мешітін салдырып, бала оқытқан. Мұнда оның атасы Жаналы, әкесі Мырзағұл мен анасы Жәния, ұлы Тоғай мәңгілік тыныстаған.

Соңғы кездері Ақмешітке барушылар көбейді. Әсіресе, еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін жұрт жан-жақтан ағылып келетін болды. Қазақстанның әр облысынан, өзге де көршілес елдерден де келетіндер бар. Өзге ұлттың өкілдері де келеді.

Бекет атаның ХVІІІ ғасырда салдырған алғашқы жер асты мешітін кезінде имансыздар оқ-дәрімен жарып, құлатып тастаған. Көнекөз қариялар мешіттің орнында қос шұңқыр ғана қалғанын айтады. Сол мешітті Жылыой ауданының жүрегіне иман ұялаған азаматтары 1998 жылы Маңғыстаудан шеберлер шақырып, қайта жаңғыртты.

Қазір Ақмешіт қорымы мемлекет қорғауына алынған. Мұнда Ислам қажы Мырзабекұлы Бекет атаның қайта жаңғырған жер асты мешітін ұстап отыр. Келушілерге Бекет атаның таңғажайып қасиеті туралы еш жалықпастан әңгімелейді. Ислам қажының айтуынша, Бекет ата Ақмешіттен ілім-білім іздеп, Хорезмдегі Бақыржан қажыдан дәріс алуға аттанған. Бақыржан қажы өзге шәкірттерінен гөрі Бекет атаның ұстамдылығына, білімге құмарлығына, зеректілігіне риза болып, батасын беріпті.

Кейіннен Бекет ата Ақмешіттен, Бейнеуден, Баялыдан, Оғыландыдан жер асты мешіттерін қашап салыпты. Ислам қажы Бекет атаның ерекше қасиеттерін, сәулеткерлігін тереңірек тану үшін Ақмешіттегіден бастап барлық жер асты мешіттерін көріп, Бақыржан қажы дәріс берген Хорезмдегі медресеге де барып қайтқан. Шымкент, Жамбыл өңірлерінде, Түркіменстанда тұратын ата ұрпақтарымен кездесіп, ел жадында жатталған аңызға бергісіз тарихи әңгімелерді жинастырды. Соның негізінде 2008 жылы 740 беттік «Бекет Ата» кітабын шығарды.

Бекет атаның аруағына арналып қасиетті мекен –Ақмешітте арнайы ас беріліп, құран бағышталып тұрады. Сондай шараларға жан-жақтан жиналған жұртшылық ұдайы Бекет ата туралы кеңірек тануға, көбірек білуге ынта қояды. Өйткені, еліміздегі тарихы – терең, шежіресі –бай, талай ұлылар кіндік кескен киелі өңірдің бірінен саналатын Атырау топырағында дүниеге келген ұлықтың бірегейі – Бекет атаны тек атыраулықтар ғана емес, иісі қазақ, жалпы мұсылман қауымы қастерлейді.

«Мединада –Мұхаммед, Түркістанда –Қожахмет, Маңғыстауда –Пір Бекет», -деп халқымыз Бекет атаны ең қасиетті тұлғасының біріне балаған. Жерін қорғаған батыр, бойындағы тылсым күшті халқына шипалыққа арнаған емші, таңғажайып қасиеттер иесі, болашақты болжай білген көріпкел, сәулет өнерінің қайталанбас шебері, жастарға имандылық нұрын сепкен ағартушы, жас кезінен ізгілік жолын таңдаған Бекет бабамыз тек бір атаның ғана емес, адамзаттың баласы атанған.

Алаштың заңғар тұлғасы, Қазақстанның Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев Ақмешітте берілген астың бірінде «Бекет атаның бүкіл өмірі адамдар мен халықтар арасындағы қақтығыстарды тежеп, қоғам мен табиғат арасындағы үйлесімділікке шақырады. Береке мен пәтуаны, ынтымақ пен ыждахатты іздепті. Әулекіліктен тартындырып, әділеттілікті мұрат етті. Шариғат пен ата жолын табыстырып, заманауи өзгерістерді жақсылыққа қызмет етуге үндеді. Бекет өнегесі –тарихи сабақтастыққа адалдықтың үлгісі. Сан жылдар бойы отаршылдық пен тоталитаристік басыбайлыққа тойтарыс беріп, отаншылдық пен бұқарашылдықты жебеді. Тәуелсіздік алған халқымыз бабамызға шексіз ризашылығын білдіріп, басын иіп, ізгілікке үндеген шарапатты жолын қастерлей береді. Ілгері басқан әр қадамымызды қайырлы қыла гөр, жақсылықтың жарылқаушысы пір Бекет әулие!», -деп оның қазақ елі тарихындағы орны мен маңызын тереңнен тарта тебірене толғанып еді.

Ақмешіттегі жерасты мешітінде Бекет ата ұстаған асатаяқтың көшірмесі тұр. Асатаяқтың көшірмесінде арабша жазулар бар. Демек, бұл асатаяқтың түпнұсқасында да жазылғаны даусыз.

«Шежірелі тарихымызды түгендер келісті істің бастауы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қолдауымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында қолға алынды. Ақмешіт қорымы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасындағы Қазақстанның киелі жерлер географиясының картасына енді. Бұл біздің еліміздегі осындай киелі жерлерімізді терең зерттеуге жол ашады. Енді Ақмешіттей киелі қауымдағы құлпытастар мен атаның асатаяғындағы жазуларды оқи алатын араб ғалымдары қажет», дейді Бекет ата мұрасын жинаушы Ислам қажы Мырзабекұлы.

Шынында да Бекет атаның асатаяғында не жазылды екен?!. Ай аунап, жылдар жылжыған сайын жұртшылықтың Бекет атаның бір басына қонған ғажайып қасиеттерін терең тануға ынта-ықыласы арта түсті.


Соңғы жаңалықтар