Атырауда жылу желілері тірегінің жылжуына байланысты орталық көпір жабылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жылу желілері тірегінің жылжуына байланысты орталық көпір жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала тұрғындары көпірдегі көлік қозғалысының тоқтағанын әлеуметтік желі арқылы білген. Желі қолданушылары «Атырау жылу жүйесі» АҚ президентінің атқарушы билік пен ТЖД-ға жолдаған хатын жариялаған.

«Тексеру барысында орталық көпір арқылы өтетін диаметрі 426 мм жылу желілері тірегінің қозғалғаны анықталды. Соңғы екі күн ішінде жылу желілерінің тірегі мен құрылымдарының бұзылуы салдарынан 70 мм жылжыған. Бұл процесс әлі жалғасып жатыр. Жарылыс қаупіне байланысты көпірдегі көлік қозғалысын осы жылдың 10 қаңтарынан бастап тоқтату тұруды сұраймыз», - делінген хатта.

Бұл қозғалыстың қаншалықты қауіпті екені және жөндеу жұмыстары қай уақытқа дейін созылатыны белгісіз. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі көпірдің жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін ашылатынын хабарлады.

Тұрғындар әлеуметтік желілерде кейбір үйлерде ыстық су мен жылудың уақытша тоқтатылғандығын жазып жатыр. Бүгін Атырауда алғашқы қалың қар жауып, ауа температурасы минус 4 градусқа дейін төмендеді.

Автор:

А. Соколов


Иллюстрациялық фото: www.renar.nnov.ru

Соңғы жаңалықтар