Атырауда жыл басынан бері 3,5 мыңнан астам адам қан тапсырған

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жыл басынан бері қан орталығына 3,5 мыңнан астам адам қан тапсырған. Қазір қан қорынан тапшылық жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық қан орталығының директоры Жәңгірхан Бахоновтың мәліметіне сүйенсек, «Өзгеге өмір сыйла» атты үш күндік акция басталды. Акцияның алғашқы күнінде 42 адам қан тапсырды.

«Былтыр осындай акция кезінде 59 адам донор болып, 26 литрден астам қан жиналған еді. Қазір бізде қан қоры жеткілікті. Биыл жыл басынан бері 3,5 мың адам қан тапсырды», -дейді Жәңгірхан Бахонов.

Оның айтуынша, қан орталығына бір жылда 10 мыңнан астам адам қан тапсыруға келеді. Ал, орталық қызметкерлері күніне 20-80 донорды қабылдайды. Донорлар күніне 40 литрге жуық қан тапсырып жүр.

«Донорлар бір келгенде 430 миллилитр қан тапсыра алады. Біздің қызметкерлер жыл сайын донорлар тапсырған қаннан 17 мың доза дайындайды. Жиналған қан қорының 12 мың дозасын денсаулық сақтау мекемелеріне жібереміз. Бұған қоса 3,5 мың тонна қан препаратын дайындап жүрміз. Қан қорын молайту үшін түрлі акциялар ұйымдастырып, жылжымалы бригадалардың мекемелерге жібереміз. Қазір біздің орталыққа қан тапшылығы жоқ. Қанның барлық тобына байланысты жеткілікті қор бар», -деп мәлім етті Жәңгірхан Бахонов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында онкологиялық аурулар 11,9 пайызға төмендегенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар