Атырауда жоғалып кеткен 9 жасар бала табылмай жатыр
Атырау қаласындағы «Балықшы» шағынауданында тұратын 9 жасар бала кеше, 22 қаңтарда жоғалып кеткен.
Әлеуметтік желіде тараған бұл ақпаратты облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.
Бұл туралы полицицяға кеше, 22 қаңтар сағат 19:28-де хабар түскен.
«Полицияның 102 операторына 40 жастағы тұрғын 2013 жылғы ұлы Еппили Сайали Ананд Раоның жоғалғаны туралы хабарлады. Оның айтуынша, сағат 15:00 шамасында 9 және 7 жасар ұлдары тұрғын үйдің алдына ойнауға шығып кеткен. Алайда, сағат 18:00-де кіші ұлы үйге оралған. Ал, үлкен ұлы үйге қайтарда жоғалып кеткен. Жоғалған ұлын өздері іздестірген. Кейін полицияға жүгінді», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір жоғалып кеткен 9 жасар баланы іздесу жұмысы жалғасып жатыр.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын былтыр Атырауда 50-ге жуық жасөспірім жоғалып кеткенін жазған едік.