Атырауда жемқорлық қылмысы 41 пайызға азайған

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жемқорлық қылмысы 41 пайызға азайған. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі өңірлік комиссия отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов өткізген комиссия отырысында «Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану» және «Пара беру» секілді сыбайлас жемқорлық қылмыстарының өсу мәселесі мен мониторинг нәтижелері қаралды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Қанат Сүлейменов өңірдегі жемқорлық қылмысына тоқталды.

«Былтыр облыста жемқорлық деңгейі 12%-ға, биылғы І тоқсанда 41%-ға төмендеді»,-деді Қанат Сүлейменов.

Оның айтуынша, құқықтық статистикада парақорлық және лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану деректері өскен. Әсіресе, ішкі істер органында пара алу дерегі жиі кездескен. Өткен жылы осындай 8 қылмыс анықталған. Махамбет ауданында жемқорлыққа қатысты 6, Жылыой ауданының білім саласында 3 дерек тіркелген. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алуда тауарлар мен қызметтер бағасын негізсіз өсіру байқалған.

«Өткен жылы мемлекеттік сатып алуда бағаларды асыра өсіру дерегімен 31 бұзушылық анықталды. Осыған орай берілген ұсыныстар негізінде бюджеттің 364 млн теңгесі үнемделді. Мониторинг жүргізу кезінде заң бұзушылықтар денсаулық сақтау, білім беру салаларында жиі орын алатынын байқалды», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыт.

Ал, «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Әлфия Әдиеваның айтуынша, биыл 32 тұрғыннан ресми түрде, ал ресми емес тұрғыда 52 арыз шағым келіп түскен. Мәселен, білім беру саласына 13 шағым, денсаулық сақтауға – 19, азық-түлік бағасының тұрақсыздығына – 18, дәрі-дәрмек бағасының өсіміне қатысты 20 шағым берілген.

«Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысымен, Атырау қаласы мен аудандардағы емхана, ауруханалардың бас дәрігерлерімен кездесу өткізілді. Қазір облыстық басқарма басшысының қолдауымен тегін берілетін дәрі-дәрмектердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында бірлескен жұмыс жүргізілуде», - деді Әлфия Әдиева.

Облыс әкімі тиісті сала басшыларына сыбайлас жемқорлыққа негіз болатын келеңсіздіктердің алдын алуды тапсырды.

«Сыбайлас жемқорлықпен күрес – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы басты мақсаттардың бірі. Осыған орай, сыбайлас жемқорлықпен күресуді үздіксіз жүргізу, оның жолын кесу, алдын алу жолдарын күшейту, әдіс-тәсілдерін әрдайым жетілдіріп отыру қажет деп санаймын. Жемқорлыққа қарсы күресте барлық тұлғалар заң мен сот алдында тең болуын ескеру қажет», - деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында жемқорлық туралы хабарлағандарға 2,6 млн теңге берілгенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар