Атырауда жасөспірімдер үйінің жаңа ғимараты ашылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жасөспірімдер үйінің жаңа ғимараты ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жасөспірімдер үйінің құрылысына Каспий құбыр консорциумы 241 млн теңге жұмсаған. Консорциумның бас директоры Николай Горбанның айтуынша, былтыр Атырау облысындағы қайырымдылық жобаларын іске асыруға 3 млн доллар бағытталған. Ал, соңғы бес жылда өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға шамамен 10 млн АҚШ доллары бөлінген.

Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаевтың мәлім етуінше, жаңа ғимарат өткен XX ғасырдың 60-жылдарындағы нысанның орнынан бой көтерген. Нысан 25 тәрбиеленушінің жайлы орналасуы үшін есептелген. Жобаға сәйкес бірінші қабатта асүй, кір жуатын бөлме, демалыс бөлмелері, кинотеатр ретінде қолдануға болатын конференц-зал мен жаттығу залы орналасқан. Соңғысы веложаттықтырғышпен, жүгіруге арналған жолмен, көпфункциялы бірнеше спорттық құрал-жабдықпен қамтылған. Екінші қабаттағы жатын бөлмелер түрлі жиһазбен жабдықталған.

Жасөспірімдер үйі балалар ауылдарының тәрбиеленушілері мен балалар үйлерінің, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттардың түлектерін әлеуметтік бейімдеу үшін ашылған. Мұнда 16-23 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар тұрады. Кейін жергілікті әкімдік беретін пәтерлерге көшеді.

Соңғы жаңалықтар