Атырауда вакцина алғандарға сыйлық беріледі

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алғандарға сыйлық беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, вакциналау бекеті «Дина» базарында ашылған. Кәсіпкерлік нысандарының арасынан базар басшылығы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін вакцина алғандарға сыйлық беру бастамасын ұсынып отыр.

«Біз базардың вакциналау бекетінде екпе алған әр адамға сыйлық беруді ұйғардық. Өйткені, пандемия әлі аяқталған жоқ. Қауіпті вирус әлі де бар. Тіршілік қамымен жүрген тұрғындар қауіпсіздік шараларын сақтауды ескермеуі мүмкін. Сол себептен, біз де базарда кәсібін жүргізетіндер мен келушілердің ұжымдық иммунитеті қалыптасқанын қалаймыз. Вакцина салдыру арқылы ғана коронавирус инфекциясының таралуын тоқтата аламыз» - дейді «Дина» базарының әкімшісі Баян Райымқұлқызы.

Оның айтуынша, күзге қарай вакцина алғандардың арасында тұрмыстық техникалардың ұтыс ойынын өткізу жоспарланған. Мұндай бастаманы өзге сауда орталықтарының иелері де қолдау білдіріп отыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында бір күнде 1 103 тұрғын вакцина салдырған болатын.


Соңғы жаңалықтар