Атырауда Ұлттық ұланның әскери қызметшісі қарияны өрттен құтқарды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Ұлттық ұланның әскери қызметшісі қарияны өрттен құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қатардағы жауынгер Батырхан Бейбітұлы 2019 жылдан бері «Батыс» өңірлік қолбасшылығы №5546 әскери бөлімінде келісімшарт қызметінің әскери қызметшісі болып еңбек етеді. Ол кеше, 3 тамызда қызметтен келе жатып, жеке үйдің терезесінен қалың қара түтін мен жалынды байқаған.

«Мұндайда уақыт жоғалтпау керек. Сондықтан, Батырхан Бейбітұлы телефонмен өрт сөндірушілер мен жедел жәрдемге дереу хабарлаған. Өрт сөндірушілер бригадасы келгенше, өртеніп жатқан үйге кіріп, ішкі бөлмедегі диванда ес-түссіз күйде жатқан қарияны тапқан. Оны өртеніп жатқан үйден көшеге шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Содан кейін әскери қызметші газ қондырғысын өшіру үшін жанып жатқан үйге қайта кірген», - дейді ҚР «Батыс» республикалық ұлттық гвардиясы баспасөз қызметінің бастығы, подполковник Ерболат Сұлтанов.

Оның айтуынша, өрт сөндірушілер жалынды дер кезінде сөндірген. Ал, әскери бөлім төтенше жағдайда көрсеткен батылдығы мен кәсіби шеберлігі үшін қатардағы жауынгер Батырхан Бейбітұлын марапаттауға ұсынылды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жолай өтіп бара жатқан екі жігіт өртенген үйден балаларды құтқарғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар