Атырауда танысының 2 млн-нан астам теңгесін алдап алған алаяқ сотталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда танысының 2 млн 300 мың теңгесін алдап алған алаяқтың бас бостандығы шектелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, сот өндірісінде қаралатын қылмыстың көп таралған түріне алаяқтық байланысты болып отыр. Алаяқтар азаматтардың сеніміне кіріп, алдаудың түрлі тәсілін қолданады.

«Бұл категориядағы істерден анықталғаны – жер учаскелерін, пәтерлерді, ірі көлемдегі несиелерді алып беруге, жұмысқа орналастыруға уәде беру. Статистика көрсеткендей, алаяқтықтың түрі көп. Соған қарамастан азаматтар қырағылықты жоғалтып, қалағанын заңсыз жолмен алғысы келеді. Сондай істердің бірі Атырау қаласының №2 сотында ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 1-бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін азаматша А.-ға қатысты іс қаралды.

Сотта анықталғандай, азаматша А. өзінің материалдық жағдайын жақсарту үшін алаяқтық

ниетпен жәбірленуші Ж.-мен кездескен. Оның сеніміне кіріп, банктен 50 млн теңге несие алып беремін деп жалған айтқан. Сөйтіп, танысының 2 млн 300 мың теңгесін иемденіп алған», -деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Сот отырысында азаматша А. кінәсін мойындап, процестік келісім жасауға өтініш білдірген. Сот үкімімен азаматша А. тағылған айып бойынша кінәлі деп танылған. Оның онша ауыр емес санатындағы қылмысты жасағаны ескеріліп, 1 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасына сотталған. Жәбірленушінің азаматтық талабы қанағаттандырылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда қала тұрғынының 2 млн теңгесін алдап алған алаяқ ұсталған болатын.



Соңғы жаңалықтар