Атырауда сырқат баланы сылтауратып, ақша жинаған алаяқ ұсталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда сырқат баланы сылтауратып, жалған хабарландыру арқылы ақша жинаған алаяқ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Полиция қызметкерлері қаржылық қиындыққа тап болған соң алаяқтықпен ақша табуды көздеген әйелдің әрекетін әшкереледі.

«Алаяқ әйел Іnstagram-да церебралды сал ауруына шалдыққан үш жасар сәбиді емдеуге қаражат жинау туралы беріліп, кейін алынып тасталған хабарландыруды көрген. Өзінің арам ойын іске асыру үшін алдымен әлеуметтік желіде жеке парағын ашқан. Оған науқас баланың фотосуретін және өзінің банктік деректерін көрсетіп, көмек сұраған жазбасын жариялайды. Жалған хабарландыруды кездейсоқ көріп қалған баланың анасы полицияға арызданды», -дейді облыстық полиция департаменті бастығы Қамза Үмбетқалиев.

Атырау қалалық полиция басқармасы №1 полиция бөлімінің қызметкерлері жалған хабарландыру авторын ұстады. Ол Атырау қаласының 28 жастағы тұрғыны болып шықты.

«Ол 40 мың теңге қарызын өтеу үшін осылай әрекет етпек болған. 16-23 қарашада оның есепшотына сырқат балаға көмек қолын созған азаматтардан 37 мың теңге түскені анықталды. Сотқа дейінгі тергеу кезінде күдікті азаматша аталған қаржыны сырқат баланың анасына берді» -дейді департамент бастығы Қамза Үмбетқалиев.

Қазір ҚР Қылмыстық Кодекстің 190-бабымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.


Соңғы жаңалықтар