Атырауда соғыс жылдарында 10-нан астам госпиталь жұмыс істеген

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Екінші дүниеджүзілік соғыс жылдарында 10-нан астам госпиталь жұмыс істеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық мемлекеттік архивтің бөлім басшысы Раиса Тастемірованың мәліметінше, Қазақстан КП(б) ОК-нің 1941 жылы 20 шілдедегі қаулысына сәйкес, Денсаулық сақтау халық комиссариаты 1941 жылдың 10 қазанында Халық комиссарының орынбасары С.Миловидов басқарған эвакуациялық госпитальдардың басқармасын құрады.

Осыған сәйкес Гурьевте (Атырау) госпитальдар басқармасы құрылған.

«Архив құжаттарында Атырау облысында 11-12 эвогоспитальдың жұмыс істегені туралы дерек бар. Гурьев облыстық денсаулық сақтау бөлімінің 1942 жылғы 1 мамырдағы №132 бұйрығымен эвагоспитальдардың 6 адамнан құралған госпитальдар кеңесі құрылады. Онда Гурьев облысындағы госпитальдар кеңесі төрағасы П.Ляпин, орынбасары К.Лешакова, жауапты хатшы – бас хирург А.Ромаков, кеңес мүшелері №3946 госпиталь бастығы А.Геренрот, №4116 госпиталь бастығы И.Шерешевская, облыстық денсаулық сақтау бөлімінен дәрігер Әзен Ақбердина енген. Сонымен қатар, Гурьев облыстық денсаулық сақтау бөлімінің 1941 жылғы 26 желтоқсандағы №508 бұйрығымен, эвагоспитальдарының бас хирургі болып, 2 рангалы әскери дәрігер Алексей Ромаков тағайындалған» дейді Раиса Тастемірова.

Оның айтуынша, облыстық архивтің қор құжаттарында Гурьев облысына эвакуациямен келген госпитальдардың орналасуы, онда жұмыс істеген жауапты дәрігерлер туралы құнды дерек бар.

«Мәселен, Пионерлер үйінде орналасқан №2967 госпитальдың бастығы 3-ші рангты әскери дәрігер К.Лешакова тағайындалған. Астрахань қаласынан Гурьевке көшішірілген №2102 госпиталь Мұнайшылар клубына орналастырылып, бастығы әскери дәрігер Б.Рутберг болған. Кейіннен бұл госпиталь таратылып, Б.Рутберг №2103 госпитальдың басшылығына ауысқан. Ал, №4116 госпитальды әскери дәрігер И.Шерешевская басқарған» дейді ол.

Әскери дәрігер Ида Шерешевская 1908 жылы 20 желтоқсанда Белоруссияда туған. 1938 жылдары Одесса медициналық институтын бітірген.

Еңбек жолын сол кездегі Гурьев қаласындағы «Эмбанефть» кәсіпорнының емханасында бастаған. Кейін №2 емхананың директоры қызметін атқарған.

Сондай-ақ, №4038 (бастығы Ц.Рогова) №3941 (бастығы О.Щит) №3946 (бастығы А.Геренрот, кейін И.Лифшиц), №1383 (бастығы Н.Якимова), №3239 (бас дәрігері Иванов), №4469 (бастығы А.Шиняев) болған.

«Соғыстың алғашқы кезінде Гурьев қаласында 1941 жылғы 11 қарашада эвапункт ашылған. Оның құрамында медпункт пен 24 кереуетті изолятор болады. Ал, №1077 госпиталь Мақат ауданындағы Доссор кентінде орналасқан. Оны К.Сташевский деген дәрігер басқарған. Госпитальдардағы дәрігерлер, медбикелер, санитаркалар соғыс даласынан келген жаралы жауынгерлерді емдеп, қатарға қайта қосу үшін жанқиярлықпен еңбек етеді. Соғыс жылдарында басқа қалалардан эвакуациямен келіп, әскери госпитальдарда адам жанының арашасы болған дәрігерлер жайлы мұрағаттық құжаттар бар. Солардың қатарында З.Медведев, А.Мищерин, К.Перелыштеин, Р.Стояновская, П.Клигерман, Н.Лысенко, С.Любанская, П.Геликман, Е.Усагина, Т.Булич, М.Брауде, А.Мотов, Л.Киселов, П.Кожевников, Р.Швариман, Ф.Фишер, Е.Савронская секілді білікті дәрігерлер еңбек еткен» дейді Раиса Тастемірова.

Райса Тастемірованың дерегіне сүйенсек, 1941 жылы Гурьев облысына Воронеж қаласынан мектепке дейінгі жастағы 81 бала мен 17 тәрбиеші маман эвакуацияланған.

Олар Индер ауданының Өрлік ауылындағы балалар үйіне жіберілген.

Воронеж қаласынан эвакуацияланған есту қабілеті шектеулі 68 оқушы мен оларды күтуші 24 қызметкер Гурьев қаласынан 4 шақырым қашықтағы Сомовьем кәсіпшілігіндегі мектеп ғимаратына орналастырылған.



Иллюстрациялық фото

Соңғы жаңалықтар