Атырауда сармат дәуіріндегі «Алтын әйелдің» бейнесі қалпына келтірілді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысының Миялы қорғанынан табылған сармат дәуіріндегі «Алтын әйел» бейнесі қалпына келтірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде ұйымдастырылған «Ұлы даланың жауһары» атты көрмеге сармат дәуіріндегі «Алтын әйелдің» қалпына келтірілген бейнесі, Миялы қорғанынан табылған бірнеше жәдігер қойылды.

Көрмедегі осындай жәдігерлермен танысқан облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, археологиялық қазба жұмыстарына қолдау көрсетіле береді.

«Тәуелсіздік алғалы бері ұлттың тарихын терең зерттеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында «Жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы» деген еді. Бұл бағдарлама мәдениет, тарих, археология және өзге де бағыттардың дамуына ерекше серпіліс әкелді» деп атап өтті обылс әкімі.

Оның айтуынша, қ азақ халқы тарихының тамыры тереңде жатыр.

«Біз – өз дәуірінде ұлы мемлекеттер құрып, әлем өркениетіне үлес қосқан елміз. Бұған соңғы жылдары табылған тарихи жәдігерлер оған нақты мысал бола алады. Бұл бабаларымыздың өз заманындағы ең озық және инновациялық табыстарға қол жеткізгенін көрсетеді. Оның айқын көріністерінің бірі – Аралтөбеден табылған «Алтын адам». Үш жыл бұрын Миялы қорғандарынан табылған «Алтын әйел» – Ұлы даламыздың дара жауһары. Сондай-ақ, биыл табылған сармат тайпасының ақсүйегі де тарихи жадымызды жаңғыртқан жаңалық болды. Себебі, құнды жәдігерлеріміз біздің 2 мың жыл бұрынғы терең тарихымызды зерттеуге мүмкіндік береді. Даңқты бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетінен сыр шертетін мәдени мұра» дейді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Қызылқоға ауданындағы Миялы қорғандарына археологиялық қазба жүргізген топтың жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Қасеновтің айтуынша, «Алтын әйел» сармат дәуірінде өмір сүрген. Құнды жәдігер 2017 жылы археологиялық қазба кезінде табылған.

«Қорымнан бірнеше сармат дәуіріндегі әйелдің киіміне өрнектелген екі түрлі алтын жапсырмалары табылды. Оның бірі таяқшаның үстіне сұрақ белгісі түрінде өрнектелген. Биіктігі – 1,3 см, ені – 0,8 см. Көлденең таяқшаның ұзындығы – 1,1 см. Салмағы 0,11 грамдық жапсырмада 73% алтын бар. Ал екіншісі – құс бейнелі жапсырмалар. Мұнда құстың басы, қанаты мен құйрығы анық көрінеді. Әрқайсысында 4 саңылау жасалған. Мұны киімнің жағасына, жеңіне жапсырған болуы мүмкін. Жапсырмалардағы 70% алтынның салмағы 0,38 грамды құрайды» - дейді Марат Қасенов.

Оның мәліметінше, қорымнан бұдан өзге белдік жапсырмалары, қола қазан, қыш ыдыстар, ат әбзелдері, қоладан құйылған жебе ұштары табылған.

Сармат дәуіріндегі «Алтын әйел» бейнесін белгілі суретші-реставратор Қырым Алтынбеков жасаған.

«Сол дәуірдегі көшпенділер мәдениетіне сәйкес, «Алтын әйел» жанында қорамсағы болған. Қолында болаттан соғылған қанжары бар. Алтыннан жасалған сырғасына, киіміндегі жапсырмаларына қарағанда, бұл сармат дәуірінің беделді адамы деген тұжырым жасадық. Мұның бәрі сол кездің өзінде өркениеттің кеңінен дамығанын білдіреді» -дейді суретші-рестовратор Қырым Алтынбеков.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда сармат дәуіріндегі «Алтын әйел» бейнесінің эскизі ұсынылғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар