Атырауда салонына 6 жолаушы мінгізген бірнеше таксист ұсталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысында салонына 6 жолаушы мінгізген такси жүргізушілері ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 5-7 тамызда «Такси» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілген. Патрульдік полиция қызметкерлері Көліктік бақылау инспекциясының өкілдерімен бірге республикалық маңызы бар тас жолдарда жол қозғалысы ережелерін бұзған 316 деректі анықтаған.

«Оның ішінде жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзған - 53, міндетті техникалық байқаудан өтпеген - 3, көлік құралын басқарған кезде телефон пайдаланған - 2, қауіпсіздік белдігін тақпаған - 4, бағдаршамның тыйым салу сигналына өткен - 2, көлік құралын басқару құқығы жоқ 2 жүргізуші анықталып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің баптарына сәйкес хаттамалар толтырылды. Ал, екі көлік айыппұл тұрағына қойылды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, «Атырау-Орал» тас жолының 62-шақырымында «Honda Adice», «Атырау-Астрахань» тас жолында «Toyota Alphard», «Доссор-Құлсары» жолының бойында «Toyota» көліктері тоқтатылған. Бұл көліктердің жүргізушілері карантин режимінің талаптарын бұзып, әрқайсысы көлік салонына 6 жолаушыдан отырғызған. Оларға қатысты жинақталған құжаттар тиісті шешім қабылдау үшін Атырау қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда балаға зорлық жасамақ болған күдіктіні ұстауға көмектескен марапатталған еді.



Соңғы жаңалықтар