Атырауда Перинаталдық орталықтың экс-басшысы қомақты қаржы жымқырған

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырауда перинаталдық орталықтың бұрынғы басшысы қомақты қаржыны талан-таражға салған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Қанат Қожахметовтің хабарлауынша, 2018-2019 жылдары жемқорлық қылмысқа қатысты денсаулық сақтау саласында 25, білім беру саласында 68 дерек тіркелген. Жүргізілген қылмыстық іс шеңберінде білім беру, денсаулық сақтау және оған бағынышты мекемелердің лауазымды тұлғаларына қатысты тергеуде заң талаптарын бұзудың көптеген өрескел фактісі анықталған.

«Мәселең, Атырау облысы Перинаталдық орталығының басшысы өзі басқаратын кәсіпорынмен «КАЗГЮУ Университеті» АҚ «Mini Master of Business Administration (MBA)» бағдарламасы бойынша «Әкімшілік істер магистрі» мамындығында өзінің оқу үшін 1 800 000 теңгеге келісімшарт жасаған. Оқу шығыны үшін демеушілік, қайырымдылық көмектер есебінен аударылған қаржыны талан-таражға салу жолымен иемденген. Сондай-ақ, ол қызметкерлеріне сыйақы, ынталандыру сыйлығы және ақылы қызметтер жасағаны үшін қосымша ақы ретінде барлығы 6 978 000 теңгені негізсіз артық аударып, арадағы бір қызметкеріне тапсырма беру арқылы қайта жинап алған», -деді Қанат Қожахметов.

Оның мәлім етуінше, неонтология дәрігерінің Португалия Республикасында кәсіби біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасуға баруы үшін 1 490 000 теңге қаржылық көмек бөлінген. Алайда, неонтология дәрігерін іссапарға жібермей, оның орнына өзі шет мемлекетке негізсіз барған.

«Облыстық перинаталдық орталығы басшысының лауазымына конкурсқа қатысқан кезде оның еңбек өтілі 4 жыл 10 ай 24 күн болған. Алайда, денсаулық сақтау ұйымдарының басқару лауазымындағы еңбек өтілімі 5 жылдан кем емес болуы қажет еді. Ал, бұл лауазымға директорды Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы негізсіз ұсынған», -деді Қанат Қожахметов.



Соңғы жаңалықтар