Атырауда облыстық мәслихаттың депутаттығына кандидаттар іріктелді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда облыстық мәслихаттың депутаттығына кандидаттар іріктелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының XXXVIII кезектен тыс конференциясы өтіп, оған облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатысты. Жиында облыстық мәслихаттың депутаттығына кандидаттарды ұсыну үшін праймериз қатысушылары арасында дебат ұйымдастырылды.

27 үміткер өзекті мәселелерді көтерген дебат барысында праймеризге қатысушы, С.Мұқашев атындағы политехникалық колледж директоры Бақыт Шеркешбаева оқу орындары жанынан жұмыспен қамту орталықтарын ашуды ұсынды. Оның пікірінше,

мұндай орталықтар жас мамандарды жұмысқа орналастырудың негізгі тетігі бола алады.

Облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторы Нәсіп Шалабаеваның пікірінше, Атырау қаласын «қауіпті экологиялық аймақ» деп тану қажет.

«Мұнай мен газ өндіру секторында жетекші орын алып отырған Атыраудың экологиялық қауіптілігі мойындалса, тұрғындарға өтемақы төленер еді. Сонымен қатар, ана мен баланы әлеуметтік қорғауға көбірек мән беруіміз керек. Балалар балабақшаларға екі жастан бастап қабылданады. Оларға ерекше күтім керек. Сондықтан, балаға төленетін жәрдемақыны үш жасқа дейін созуды ұсынамын»,- деді Нәсіп Шалабаева.

Дебат барысында көтерілген өзекті мәселелердің бірі – су тапшылығын жою.

Праймериздің ең жас қатысушысы Атырау мұнай өңдеу зауытының технологиялық қондырғы операторы Бексұлтан Дүйсенғұлов өркениетті елдердегідей кәріздік ағын суларды қайта өңдеу жобасын ұсынды.

«Израиль қолданылған судың 80 пайызын қайтадан кәдеге жаратады. «Теңізшеврйол» компаниясы да голландиялық технологияны қолданып отыр. Соңғы он жылдықта дүниежүзілік жылыну, климаттық өзгерістер, қардың аз түсуі, жауын – шашынның азаюының кері әсері қатты байқалуда. Бұл жағдай жалғаса берсе, Жайық өзені тартылып қалады. Ресми деректерде өткен жылы су мөлшерінің 40 пайызға дейін азайғаны айтылады», - дейді ол.

Сессияға қатысушылар облыстық мәслихаттың депутаттығына ұсынылатын кандидаттарды анықтауға дауыс берді.


Соңғы жаңалықтар