Атырауда мұнай саласы мамандарын даярлайтын ТМД-дағы үшінші орталық ашылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда Нұрлан Балғымбаев атындағы Даму және коммуникациялар орталығы ашылды. Мұндай орталық ТМД елдерінде тек Ресейдің екі қаласында бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің жанынан ашылған үш қабатты оқу орталығы заманауи ақпараттық ресурстармен қамтылған және мұнай-газ саласында студенттерді тәжірибеден өткізуге бағытталған.

Ашылу салтанатында дәстүрлі қызыл лентаны мемлекет қайраткері Нұрлан Балғымбаевтың жұбайы Нағима Балғымбаева, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, KAZENERGY қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин, ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Махамбет Досмұхамбетов қиды.

«Біз биыл Қазақстан мұнайының 120 жылдығын атап өттік. Бұл – мұнайшылардың орасан еңбегі. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан экономика саласын жедел дамыта бастады. Осы қиын-қыстау кезеңде азаматтарымыздың бастан өткергендерінің алғашқысы - айқын перспективалардың жоқтығы, экономика мен саяси жүйенің күйреуі еді. Елге инвестициялар, жаңа технологиялар тарту қажет болды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ынта-жігерінің арқасында әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан экономикалардың бірі мәртебесіне көтерілді. Мұнай-газ саласындағы елге келген алғашқы компаниялардың бірі - осы күнге дейін әлемдегі ең ірі Теңіз кен орындарының бірін игеріп келе жатқан «Шеврон» компаниясы. Сол жылдары Елбасының жанында сенімді көмекшілері болды. Соның бірі – Балғымбаев Нұрлан Өтепұлы. Оның білімі, біліктілігі, іскерлігі инвесторларды мұнай-газ саласының кемел болашағына сендіре алды», - деді Нұрлан Ноғаев.

Мемлекеттік басқару және экономика саласында ірі тұлға ретінде қалыптасқан Нұрлан Балғымбаев - өзінің барлық білімі мен тәжірибесін елдің өркендеуіне арнаған. Еңбек жолын мұнай саласындағы қарапайым жұмысшы ретінде бастап, біліктілігі мен жоғары ұйымдастырушылық қабілеттерін үнемі жетілдірудің арқасында мансабында айтарлықтай биіктерге жетті. Ол ҚР Премьер-Министрі лауазымында да асқан жауапкершілікпен қызмет атқарды. С.Өтебаев атындағы Атырау университетінің директорлар кеңесінің төрағасы, KAZENERGY қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин Нұрлан Балғымбаевтың мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесі туралы айта келе: «Ол өмірінде қиын кезеңдерді бастан кешірді. Соған қарамастан, өзінің еңбектерімен және білімімен тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлкен үлес қосты. Оның есімі әрдайым жүрегімізде сақталатын болады. Бүгінгі іс-шара, Мұнай және газ университетінде коммуникациялық орталықтың ашылуы - соның айқын дәлелі. Бұл заманауи оқу орталығы қазіргі жас ұрпақтарға қажетті кәсіби білім алуға және еліміздің игілігі үшін жұмыс істеуге мүмкіндік береді», - деді.

Нұрлан Балғымбаев атындағы Даму және коммуникациялар орталығында студенттерге арналған интерактивті кітапхана және оқу залы бар. Интерактивті кітапхананы пайдаланушылар Губкин атындағы Ресей мұнай және газ университетінің электронды ресурстарына қол жеткізе алады. Сонымен қатар, Атырау университетінің студенттері су астындағы құбырларды дәнекерлеу үшін виртуалды режімде тәжірибеден өте алады. Бұдан бұрын Қашаған жобасында су астындағы құбырларды дәнекерлеуді шетелдік мамандар жүзеге асырса, ендігіде орталық - аталған мамандықты атыраулық жастарға үйрететін болады. Жоба авторлары атап өткендей, мұндай орталықтар ТМД елдерінде тек Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті мен «Иннополис» университетінде орналасқан. Бірақ, Атыраудағы орталық заманауи технологиялармен жабдықталу тұрғысынан әлдеқайда басым түседі.

Соңғы жаңалықтар