Атырауда «Мерейлі отбасы» байқауының үздіктері анықталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысында екі отбасы «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мерейлі отбасы» байқауына қатысуға өңірде 2016 жылы 87 шаңырақ өтініш білдірген. 2017 жылы бұл сан 97 болды, ал биыл 107-ге жетті. Салтанат  сарайында  ұйымдастырылған  шара барысында еңбекте, спортта, өнерде, шығармашылық пен ғылымда жетістікке жетіп, байқаудың жеңімпазы атанған отбасыларды облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева құттықтады.

«Елбасының тапсырмасы негізінде қолға алынған бұл байқау бес жылдан бері ұйымдастырылуда. Отбасы құндылықтарын дәріптеп, оны насихаттауда мұндай шараның мәні мен маңызы зор. Мерейлі отбасыларды көпшілікке ұлықтау, кейінгі ұрпаққа үлгі ету - басты мақсат. Сондықтан, мәртебесі зор бұл үрдіс алдағы уақытта да дәстүрлі жалғасын табады», - деді Айгүл Теміртасқызы.

 «Отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған байқаудың облыстық кезеңіне 32 отбасының құжаты ұсынылды. Қатысушыардың арасында сан түрлі мамандық иелері бар»,-дейді облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Злиха Таласбаева.

Сайыс қорытындысы бойынша, үшінші орынды Құрманғазы ауданынан Әуез Елжанов, Исатай ауданынан Әнуарбек Сайдуллин, Мақат ауданынан Базарғали Жеңісбектердің отбасылары иеленді. Жылыой ауданынан Нұрдәулет Хақназаров, Қызылқоға ауданынан Саламат Таяшов, Махамбет ауданынан  Нұрғали Нәсіпқалидың  отбасылары екінші орынның тұғырынан көрінді.

Сондай-ақ, жүлдеге лайық деп танылған Индер ауданындағы Сүндет Тасқарин мен Атырау қаласындағы Кәрім Бақрединовтердің отбасыларына республикалық байқауға жолдама берілді. Сонымен қатар, осы отбасы мүшелері ұйымдастырушылар тағайындаған  «Көктем» шипажайына жолдаманы да жеңіп алды.

Байқау қорытындысында үздік деп танылған Кәрім Бақриденовтің отбасы да өнегелі жанұялардың қатарында. 45 жыл журналистика саласында еңбек еткен отағасын атыраулықтар қашан да құрметпен атайды. Жұбайы Майра Жекеева екеуінің шаңырақ көтергендеріне биыл 45 жыл толды. Олар 5 баладан 14 немере сүйіп отыр.

Соғыс ардагері Сүндет Тасқарин  майдан даласынан оралғаннан кейін туған жерінде басшылық қызметтер атқарған. Зайыбы Шайда Беймұханова екеуі 5 баланы дүниеге әкелген, бүгінде бұл әулеттен тараған 7 немере, 17 жиен, 6 шөбере мен 12 жиеншар әр салада табысты еңбек етіп, ел игілігін еселеуге үлес қосып жүр.         

Айта кеткен жөн, жеңімпаз екі отбасы республикалық кезеңге ұсынылып, комиссия сараптамасынан соң тек бір отбасы ғана  жолдама алатын болады.

Соңғы жаңалықтар