Атырауда мас болып рульге отырған 17 адам бас бостандығынан айырылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында мас күйде рульге отырған 17 адам бас бостандығынан айырылды. Ал, осындай теріс әрекеті үшін үш адамға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық прокуратурасының басқарма бастығы Бекбала Ақылбековтің мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың басынан бері ҚР Қылмыстық Кодексінің 346-бабымен 20 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

«Елімізде 2020 жылдан бастап көлік құралын масаң күйде басқару қылмыстық құқық бұзушылығын жасағаны үшін жазаны қатаңдату бөлігіне түзетулер енгізілді. Мұндай адамдардың қылмыстық жауаптылығы қылмыстық теріс қылықтардан қылмыстар санатына ауыстырылды. Енді мас күйінде көлік құралын басқарған жүргізуші өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айырылады. Тіпті бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», -дейді басқарма бастығы Бекбала Ақылбеков.

Оның түсіндіруінше, егер мас жүргізушілер жол-көлік оқиғасын жасайтын болса, онда одан да ұзақ мерзім – сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ал, олардың кінәсінен жол апатынан адамдар қайтыс болса, ҚР Қылмыстық Кодекстің көзделген бапқа сәйкес он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

«Атырау облысында жыл басынан бері мас күйінде көлік жүргізгені үшін 20 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 3 адамға бас бостандығын шектеу, ал, 17 адамға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сол себептен, бұл мәселенің маңызын ескеріп, жүргізушілерге мас күйде көлік құралын басқармауға кеңес береміз», -деп мәлім етті облыстық прокуратураның басқарма бастығы Бекбала Ақылбеков.

Еске сала кетелік, бұған дейін өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылған атыраулық куәлікті қайта алғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар