Атырауда көпжылғы ағаштар тамырымен көшірілді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласында көпжылғы ағаштар тамырымен көшірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«АтырауИнжСтрой» ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, Атырау қаласындағы кеңейтілетін жол бойындағы ағаштар жұмысты атқаруға кедергі келтірген.

«Жобаға сәйкес, ағаштар кесілуі тиіс еді. Бірақ, жобаға тапсырыс беруші мен компанияның бірлескен ұйғарымымен ағаштарды басқа жерге ауыстырып, сақтау туралы шешім қабылданды», деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.

Осылайша, ауқымды жұмыс басталғанға дейін 38 ағаш «Мұнайшы» стадионы маңындағы аллеяға көшірілген. Қаланы көгалдандырумен айналысатын «КДМС» мердігерлік компаниясының мамандары «қоныс аударушыларға» үнемі бақылау жүргізгелі отыр.

«Ағаштар жаңа орынға бейімделгенге дейін «ауырады». Бірақ, тыңайтқыштар мен суару ағаштардың тамыр жаюына көмектеседі. Бір айда ағаштың тамыр жайғаны немесе өліп қалғаны белгілі болады», -деп мәлім етті «АтырауИнжСтрой» баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулық оқушылар саябаққа жеміс ағаштарының көшетін еккен болатын.


Соңғы жаңалықтар