Атырауда көпбалалы ана екінші рет егіз бала тапты

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда көпбалалы ана екінші рет егіз бала тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық перинаталдық орталықта екінші рет егіз босанған көпбалалы ана Мөлдір Мәжитованың жасы – 36-да. Күйеуі Рашид Дайыровпен бірге 6 бала тәрбиелеп отыр.

«Ең үлкеніміз Нұрислам – 13 жаста, егізіміз Нұрсезім мен Гүлсезім – 11 жаста. Одан кейін Әділхан дүниеге келді. Биыл ол 1 жасқа толды. Ал егіз сәбиге Көркемай мен Еркемай деген есім бердік», - дейді Мөлдір Мәжитова.

Дәрігерлердің айтуынша, нәрестелердің салмағы – 2 400 және 2 600 грамм.

«Күйеуімнің үлкен әжесінде егіздер болған. Бірақ, бәрі шетінеп кеткен. Емшілікпен айналысқан әжеміз ұрпағында егіздер дүниеге келеді деп болжаған», - дейді ана.

Оның айтуынша, 11 жыл бұрын құрсағында шарана егіз екенін білгенде, аздап қобалжыған. «Енді екінші рет егіз өмірге келетіні туралы естігенде қуанышымызда шек болмады. Ең бастысы, балаларымыздың бәрі аман-сау өсіп жатыр. Үлкені домбырада шертеді. Қазақтың әндерін шырқайды. Облыстық және республикалық ән байқауларының жеңімпазы атанды», - дейді ол.

Анасының сөзінше, егіздің бәрі бір-біріне ұқсайды.

Еске сала кетелік, Атырауда экоұрықтандыру тәсілімен бала сүюге 232 квота берілген.


Соңғы жаңалықтар