Атырауда қонаққа келген келіншек пәтердегі теледидар мен телефонды ұрлап кетті

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда қонаққа келген әйел үйдегі теледидар мен телефонды үптеп кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz ресурсына сілтеме жасап.

16 тамыз күні Атырау қаласының тұрғыны полицияға хабарласып, үйіне келген қонақ келіншек пәтердегі теледидар мен телефонды ұрлап кеткенін айтып шағымданған. Әйелдің бұл әрекеті кіреберістегі бейнекамераға түсіп қалған.

Полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Әйелден ешқайда кетпеу туралы қолхат алынып, ол үйіне жіберілді.

Қылмыстық кодекстің 188-бабы 1-бөлімі бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Өз кезегінде атыраулық полицейлер қала тұрғындарына ұрлықтың алдын алу үшін бірқатар шараларды қабылдау керектігін ескертеді.

Атап айтқанда, аулада бейнебақылау камерасын және дабылқаққыш орнатып, кіреберіс пен ауланы жарықтандыру, терезеге - темір тор, есікке - сенімді құлып қойған жөн.

Үйге ұры кірсе немесе осындай жағдайға куә болсаңыз, дереу 102 қызметіне хабарлаған абзал.




Соңғы жаңалықтар