15:39, 04 Тамыз 2021 | GMT +6
Атырауда қоғамдық көліктерге «Ashyq» қосымшасы енгізілді
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласындағы қоғамдық көліктерге «Ashyq» қосымшасы енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бүгін, 4 тамызда жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көліктерде «Ashyq» қосымшасын іске қосылған.
«Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін автобустарға «қызыл» және «сары» мәртебесі бар адамдар кіргізілмейді. Бірақ, мобильді смартфоны жоқ, сондай-ақ, аталған қосымша
жүктелмеген жолаушылардың қоғамдық көлікке отыруына рұқсат беріледі. Ал, «Ashyq» жобасы тұрғындар арасында коронавирус инфекциясының таралу тәуекелін анықтайтын
қосымша шара ретінде енгізіліп отыр. Өйткені қоғамдық көліктер – адамдардың көп шоғырланатын орынның бірі» -деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда «Ashyq» жобасы арқылы «қызыл» мәртебесі бар 57 адам анықталғанын жазған болатынбыз.