Атырауда із-түзсіз жоғалған күзетшіні тікұшақпен іздейді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда екі апта бұрын із-түзсіз кеткен күзетшіні тікұшақпен іздеу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ТЖД-ға сілтеме жасап.

Бұған дейін 10 наурызда Атырауда кешке жұмысына бару үшін үйінен шыққан 54 жастағы ер адам жоғалып кеткен еді.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінен мәлім еткендей, күзетшіні іздеу сол күні басталып, 11 наурызда да жалғасқан болатын. Содан бері күзетші әлі табылған жоқ.

«Құтқарушылар полицейлермен, еріктілермен бірге бірнеше топқа бөлініп, іздеу жұмысын жүргізді. Жайық өзенінің екі жағалауындағы елді мекендер, демалыс базалары мен саяжай учаскелері тексерілді. Салынып жатқан, қараусыз қалған үйлер, сондай-ақ, шаруашылық нысандары, қоқыс үйінділері, өзеннің жағалауы жіті қаралды», - дейді Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі басшысының орынбасары Самат Құмашев.

Оның айтуынша, жоғалып кеткен ер адамды іздеуге Ұлттық ұланның 60 әскери қызметшісі де тартылған. Ал, 19 наурызда іздестіру шарасына ауа райы қолайлы болса, тікұшақты тарту жоспарланып отыр. Әуеден Атырау қаласының маңындағы ашық далаға шолу жасалмақ.

Соңғы жаңалықтар