Атырауда инвесторлар 3,6 млрд теңгенің жобаларын іске асырады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында Ресей инвесторлары 3,6 млрд теңгенің жобаларын іске асырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовпен кездескен ресейлік инвесторлар тоқыма полипропилен және геосинтетика өндіру цехына қатысты құны шамамен 3,6 млрд теңгені құрайтын екі жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр.

«Елімізде инвестициялық ахуалды жақсарту үшін құқықтық тұрғыдан ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Біз де өңірдің инвестициялық мүмкіндігін арттыруға қолайлы жағдайды қарастырудамыз. Өйткені, өндіріс қай кезеңде де аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпалын тигізеді. Сондықтан, Атыраудың дамуына ықпала ететін инвестициялық жобаларды қолдауға дайынбыз», - деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Ресейлік «УльтраСтаб» ЖШҚ-ның коммерциялық директоры О.Костылевтің айтуынша, қазір жобаның бірінші кезеңі үшін екі шетелдік станок сатып алынған. Сондай-ақ, өндірістік жабдықтарға тапсырыс берілген. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленген.

«Жылына 3 млн шаршы метр геосинтетика өндіру цехына 38 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделді. Ал, экструзиондық геосинтетика өндіру цехына 44 адам тұрақты жұмысқа орналасады. Оның қуаты жылына – 5 млн шаршы метр. Бұл цехатр жыл соңына дейін іске қосылып, өнім шығара бастайды», - дейді О.Костылев.

Аталған жобаларға шикізат шетелден тасымалданады. Кейін шикізатты Атыраудағы KPI компаниясы іске асырып жатқан интеграцияланған газ-химия кешенінен алу жоспарланған.

Ресей инвесторлары құрылысқа қажетті сан түрлі дайын өнімдерді шығаруды көздеп отыр. Оның ішінде автокөлік және теміржол құрылысына, өнеркәсіптік қалдықтарды сақтау мен жағалауды нығайтуға қолданылатын материалдар бар.


Соңғы жаңалықтар