Атырауда Индер ауданының әкіміне сөгіс беру ұсынылды

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Индер ауданының әкіміне Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасын тиісті деңгейде орындамағаны үшін сөгіс беру ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің қатысуымен облыстық мәслихаттағы Amanat партиясы депутаттық фракциясының кезекті отырысы өтті. Онда партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының 2021 жылы орындалмаған және 2022 жылы орындалмауы қаупі бар іс-шаралар талқыланды.

Amanat партиясы Атырау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Абдолла Идресовтің мәліметінше, өткен жылы партияның сайлауалды бағдарламасының 716 индикаторы орындалуы тиіс болса, оның 12-сі жүзеге аспаған. Орындалмаған іс-шаралардың басым бөлігі Индер ауданында тіркелген.

Мәселен, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кешенін орнату, Есбол ауылындағы 320 орындық мектеп құрылысын аяқтау, «Болашақ» шағынауданына жол, Көктоғай ауылына 90 орындық балабақша, Б.Нысанбаев атындағы орта мектепке 120 орындық жапсаржай құрылысын салу жұмыстары кешіктірілген.

«Қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кешенін іске қосу үшін электр желісін жүргізу, полигонды қоршау қажет. «Болашақ» шағынауданындағы жол салу үшін жобалау-сметалық құжаты дайын болмаған. Соған байланысты қаржы бөлінбей, аталған жұмыс орындалған жоқ. Есбол ауылындағы мектептің құрылысына нарықтағы материалдың бағасы өсуіне байланысты құны қайта қаралып жатыр. Іс-шаралардың барлығы осындай мәселелердің туындауына байланысты кейінге қалдырылды. Сіздерден аталған шараларды 2024 жылға дейін созуды ұсынамын», - дейді Индер аудандық мәслихатындағы депутаттық фракциясының жетекшісі Жанай Амантурлин.

Осыған орай облыс әкімі Срік Шәпкенов тұрғындар алдында берген уәдені орындаудың маңызын еске салды.

«Бағдарламаны жасақтау кезінде қателіктер кеткен болса, тиісті өзгеріс енгізу қажет. Тұрғындар алдында берген уәдені түрлі сылтаумен жылы жауып қоюға болмайды. Жүзеге асырылмай тұрған жобаларды әлі де талқылап, шешім шығару қажет. Нақты әрі кешенді жоспар жасақтап, іске асыру керек», -деді Серік Шәпкенов.

2021 жылы сайлауалды бағдарламаның толық орындалуын қамтамасыз етпеген Индер ауданының әкіміне сөгіс жариялау туралы облыс әкіміне ұсыныс жасалды.


Соңғы жаңалықтар