Атырауда ерлі-зайыпты алаяқтар 150 млн теңгені қалтаға басқан

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 150 млн теңгені алаяқтықпен иемденген ерлі-зайыптылар сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ерлі-зайыптылар 18 адамды алдаған.

«Атырау қаласында 1983 жылғы әйел өзінің таныстарына күйеуінің компаниясына үлескер болу үшін қаражат құйып, кейін түскен табыстан пайда табатынына сендірген. Алайда, жиған-терген қаржысын үлескерлікке салған 18 тұрғын ешқандай пайда көрмеген, не қайтара алмаған. Содан соң полицияға арыз жазған. Осы дерекке байланысты департамент қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігі, 2-тармақшасымен тергеу жүргізді. Тергеу кезінде аса ірі көлемдегі алаяқтық күдігіне ілінген ерлі-зайыптылардың 18 жәбірленушіге 150 млн теңге залал келтіргені анықталды. Мұндай алаяқтық дерегі тұрғындардың қаражатын еселеп беремін деген адамдардың арбауына түсуі салдарынан тіркеліп отыр» - дейді Атырау облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.

Ерлі-зайыпты алаяқтардың ісі 16 қарашада Атырау қаласындағы №2 сотта қаралды. Сот үкімімен жәбірленушілердің 150 млн теңгесін алаяқтық жолмен иемденген ерлі-зайыптылар 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жалақысы жоғары жұмысқа орнластырамын деп 14 адамды алдаған алаяқ қамалғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар