Атырауда емхананың есепшотынан 70 млн теңге ұрлағандар сотталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраудағы емхананың есепшотынан 70 млн теңге ұрлағандар сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұдан бұрын Атырауда емхананың есепшотынан 70 млн теңге ұрланғаны хабарланған еді.

Жақында аталған қылмыстық іске қатысты күдіктілерге сот үкімі шықты.

«2019 жылы 25 желтоқсанда Д.Т. кәсіпкерлік қызметпен айналысу мақсатында Алматы облысының Талдықорған қаласында «Lab service plus 1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін тіркеген. Содан кейін А.А. есімді азаматпен және сотқа дейінгі тергеу кезінде анықталмаған белгісіз тұлғалармен алдын ала сөз байласу арқылы 2020 жылғы 13 шілдеде Алматы қаласында банктен шот ашып, банкоматтық карточка мен онлайн банкинг кілтін алған. Сол жылдың 3 тамызында белгісіз тұлғалар сағат 16:00-ден 17:00-ге дейінгі аралықта №1 Атырау қалалық емханасының қаржы-шаруашылық қызметінің ақпаратына заңсыз қол жеткізіп, бухгалтерияның қашықтықтан ақпараттық қол жеткізу жүйесіне рұқсатсыз кірген. Онда емхана үшін жоқ төлемдер жасап, №1 Атырау қалалық емханасының есепшотынан «Lab service plus 1» ЖШС-тің есепшотына және сотталушы Д.Т.-ның жеке шотына COVID-19 қарсы күреске бөлінген қаражат есебінен 70 000 000 теңге ақшаны аударған. Кейін соңғысы ақшаны қолма-қол шешіп алып, №1 Атырау қалалық емханасына жоғарыда көрсетілген сомада мүліктік зиян келтірген»,-деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Атырау қаласының №2 сотының үкімімен Д.Т. мен А.А. ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабының 4-бөлігі, 3-тармағымен кінәлі деп танылды.

Сот қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін ескере отырып, Қылмыстық Кодексінің 55-бабының 2-бөлігімен Д.Т-ға - 6 жыл 6 ай, А.А-ға - 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар