Атырауда екі көлікпен соқтығысқан трактор аударылып қалды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырауда екі көлікпен соқтығысқан трактор аударылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, оқыс оқиға бүгін, 25 қыркүйек сағат 13:30 шамасында Атырау қаласындағы «Тұрғын үй қалашығы» ықшамауданында болған.

«М. Әуезов көшесі бойымен көпірге бағыт алған трактор жүргізушісі №3 үй тұсында жол жиегіндегі темір қоршауды қаққан. Соққының екпінімен қатарлас келе жатқан Nissan Teana автокөлігіне соғылып, басқару жүйесін игере алмай, жолдың қарама-қарсы бағытына шығып кеткен. Соның салдарынан қарсы бағытта келе жатқан Ваз 2114 көлігіне соқтығысып, жол жиегіне аударылып қалды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Жол-көлік оқиғасынан жарақат алғандар жоқ. Қазір сараптама тағайындалып, жол апаты туралы іс құжаттары жинақталуда.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 8 айда жол апатынан 39 адам мерт болғанын хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар