Атырауда бір түнде 6 мас жүргізуші ұсталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда бір түнде мас күйде рульге отырған 6 жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, 5 ер адам мен 1 әйел «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде ұсталған.

«Мас күйде ұсталған жүргізушілерге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 608-бабының 1-бөлігімен (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сот шешімімен 5 ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7жылға жүргізуші құқығынан айырылды» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Алкоголь ішіп, рульге отырған әйелдің бір жасқа толмаған баласы бары ескеріліп, әкімшілік қамаудан босатылған. Алайда, ол көлік басқару құқығынан 7 жылға айырылды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда мас күйде рульге отырған 2 жүкті әйел жүргізуші куәлігінен айырылған болатын.


Соңғы жаңалықтар