Атырауда аялдаманың шыны қоршауын сындырған бұзақы іздестірілуде

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласында қоғамдық көлік аялдаманың шыны қоршауын сындырып кеткен бұзақы іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұзақылық әрекеті 24 қарашаға қараған түнде болған.

«Шаһардың «Авангард-2» шағын ауданында белгісіз адам вандализм мен бұзақылық әрекетін жасады. Тәртіп бұзушы аялдама павильонының шыны қоршауын сындырған. Қазір Атырау қалалық полиция басқармасында оқиға орнынан түсірілген видео бар. Полиция қызметкерлері бұзақылық пен мүліктің бүліну дерегіне тексеру жүргізеді» -деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Әкімдік қала тұрғындары мен қонақтарынан аялдамаларды мақсатсыз пайдалану дерегі анықталған жағдайда 102 нөмірі арқылы жедел басқару орталығына хабарлауды сұрап отыр. Сондай-ақ, қоғамдық көлік аялдамаларына және қала аумағындағы барлық мүлікке ұқыпты қарауды ескертті.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда мейрмахана алдында төбелескендер іздестіріліп жатқанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар