Атырауда аукцион арқылы кәсіпкерлерге 100-ден астам жер телімі сатылған
Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлібек Ермекқалидың мәліметінше, аймақтағы жер қоры - 11 млн 863 мың гектар.
Жер қоры ауыл шаруашылығы мақсатындағы, елді мекендер, өнеркәсіп, көлік, байланыс, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, орман қоры, су қоры, босалқы секілді санаттарға бөлінеді.
«Биылғы 9 айда кәсіпкерлік мақсатта аукцион арқылы 104 жер телімі, ауыл шаруашылығы мақсатында конкурс арқылы 132 жер телімі табысталды. 2017-2021 жылдарға арналған жер қатынастарын реттеу байланысты Жол картасы жасақталып, осыған сәйкес 126 елді мекеннің шекарасы бекітілуі қажет екен. 2017 жылы аудандарда 8 елді мекеннің, 2018 жылы 34 елді мекеннің, 2019 жылы 39 елді мекен шекарасы белгіленді. Ал, биыл 45 елді мекеннің шекарасын белгілеу бойынша жерге орналастыру жұмыстары жүріп жатыр», - дейді Әлібек Ермекқалиев.
Сондай-ақ, ҚР Үкіметінің 2016 жылғы қаулысына сәйкес, Махамбет ауданы Алмалы ауылдық округінің 7145 гектар жері Атырау қаласына берілсе, Қызылқоға ауданының жер қорынан жалпы көлемі 413,361 гектарды Мақат ауданына беру жөнінде жоба жүргізілген.