Атырауда 76 жастағы зейнеткерге шабуыл жасаған күдікті ұсталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 76 жастағы кейуанаға қарақшылық шабуыл жасаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, әлеуметтік желіде 76 жастағы жалғызбасты зейнеткерге қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы ақпарат тараған.

«Махамбет ауданының тұрғыны 14 наурызда сағат 08:00 шамасында 1945 жылы туған азаматшаның үйіне заңсыз кіріп, үшкір затпен қорқытқан. Әр түрлі купюрадағы 14 мың теңгені, алтын бұйымдарын алып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген залал көлемі – 114 мың теңге. Полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шарасын жүргізіп, осы қылмысқа күдікті 31 жастағы азаматты ұстады», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Қазір күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 15 пәтерді тонаған күдіктілер ұсталған еді.

Соңғы жаңалықтар