Атырауда 300 орындық мектеп пайдалануға берілді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 300 орындық мектеп ғимараты пайдалануға берілді,деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау қаласына іргелес Жұмыскер елді мекенінде орналасқан Ғ.Мұратбаев атындағы

мектептің іргетасы 1965 жылы қаланған. Содан бері жөндеу көрмеген 160 орындық білім

ошағының ғимараты апатты жағдайда деп танылған еді. Сол себептен жаңа 300 орындық

жаңа ғимаратты салуға бюджеттен 340 млн теңге бөлінген.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің мәліметінше, Атырау қаласындағы апатты

жағдайда тұрған екі мектептің бірі Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектеп болатын. Енді үш

ауысымдық проблемасы бар бір мектеп қана қалды. Сонымен бірге, бұл мектептің

оқушылары оқып келген И.Тайманов атындағы орта мектептің үш ауысымда оқыту

мәселесі де өз шешімін тапты.

«Апатты жағдайда тұрған соңғы мектептің де мәселесін шешеміз. Атап айтқанда, №1

М.Жұмабаев атындағы орта мектеп орнына алдағы уақытта 160 орындық жаңа ғимарат

салу жоспарлануда. Атырау қаласындағы мектептердің орын тапшылығын шешу

мақсатында 4 мектептің жанынан қосымша 120 орындық жапсаржай құрылыстары

салынды. Бұдан бөлек биыл «Самал» ықшамауданында 600 орындық, «Береке»

ықшамауданында 1200 орындық, Дамбы ауылында 300 орындық жаңа мектеп

құрылыстары салынуда», -деді Махамбет Досмұхамбетов.

Әкімнің айтуынша, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық жағдайын

жақсарту жалғасады. Оқушыларды жаңа оқулықтармен қамту, тегін ыстық тамақпен

қамтамасыз ету жұмыстары да жоспарлы түрде жүргізіледі.

Мектептің алғашқы түлегі, ардагер ұстаз Маруся Бітімәлиева мен Жұмыскер елді мекенінің тұрғыны Серік Мұсағалиев жаңа оқу ғимаратын асыға күткеніне тоқталды.

«Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚ Басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова мен

ардагер ұстаз Бөкен Ғұмар білім ордасының лентасын қиды.

Ғ.Мұратбаев атындағы 300 орындық орта мектептің құрылысын «БатысСтройСервис-

Атырау» ЖШС жүргізген.

Жаңа мектеп физика, химия зертханалары, акт залдар мен алаңдар, асхана,

жаңа үлгідегі технология, информатика, Stem-кабинеттерімен жабдықталған.


Соңғы жаңалықтар