Атырауда 24 млн теңгенің есірткісін сатпақ болған діни ағым өкілдері ұсталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 24 млн теңгенің есірткісін сатпақ болған деструктивті діни ағым өкілдері ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиевтың айтуынша, елімізде «Қарасора-2021» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр.

«Аталған іс-шара кезінде экстремизмге және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармаларының қызметкерлері Атырауға Орал қаласынан келіп, синтетикалық есірткі сатпақ болған 1998 және 1999 жылы туған екі күдіктіні ұстады. Күдіктілерден синтетикалық есірткі бар зип пакеттерге оралған 46 түйір табылды. Олардың жалға алған пәтерінен екі пакетке оралған синтетикалық есірткі заты мен 100 дана дайын бетбелгі тәркіленді. Нәтижесінде жалпы сомасы 24 млн теңгеге жуық синтетикалық есірткінің 2 400 бір реттік дозасы заңсыз айналымға жіберілмеді», -дейді Қамза Үмбетқалиев.

Оның айтуынша, қазір ұсталған күдіктілерге ҚР Қылмыстық Кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен тергеу амалдары жүргізілуде.

Ал, күдіктілер соттың санкциясымен Атырау қаласының тергеу изоляторына қамалды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулықтан 3 мыңнан астам синтетикалық есірткі дозасы тәркіленген еді.


Соңғы жаңалықтар