Атырауда 200-ге жуық отбасы жаңа қонысқа көшті

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 200-ге жуық отбасы жаңа қонысқа көшті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, апатты жағдайдағы «Достық-1», «Геолог» ықшамауданындағы №65 және 66-жатақханалардың, Бірлік ықшамауданында орналасқан АТП-3 мекенжайының тұрғындары жаңа пәтерге ие болды.

Сөйтіп, 200-ге жуық отбасы «Береке» ықшамауданында бой көтерген жаңа тұрғын үйге қоныс аударды. Жаңа пәтерлер тұрғындардың жекеменшігіне беріледі.

«Көп жылдан бері баспана тауқыметін тартып келдік. Енді міне, жатын және ас үй бөлмелері кең пәтеріміз ұнады. Мұнда кіреберісте де тұрмыстық заттар үшін орын қарастырылған. Жаңа пәтер алғанымызға қуанып тұрмыз» - дейді қала тұрғыны Нұрсұлу Құспанова.

Бөлім мамандарының айтуынша, Атырауда апатты жағдайдағы тұрғын үйлер мен жатақханалардың тұрғындарын көшіру кезең-кезеңімен іске асуда.

Мәселен, өткен жылы А.Құнанбаев №13, Достық №14 және Ж.Досмұхамбетов, М.Әуезов көшелеріндегі 2 жатақхана мен №22 үйдің тұрғындары көшірілген.

Ал биыл жыл басында АТП-1, АТП-2 мекенжайындағы 2 үйдің тұрғындары да жаңа баспанаға қол жеткізген.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 33 отбасына жаңа пәтер берілген еді.


Соңғы жаңалықтар