Атырауда 2 мың адамға азық-түлік пен қаржылай көмек берілді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қолға алынған «30 игі іс» акциясы аясында 2 мыңнан астам адамға азық-түлік пен қаржылай көмек берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қайырымдылық марафоны Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында «Абай» орталығында өтті.

«Елімізде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «30 игі іс» қайырымдылық марафоны өтіп жатыр. Атырау облысында да аталған акция аясында көп балалы отбасыларға, ерекше күтімді қажет ететін балалардың аналарына, жалғызбасты аналарға көмек көрсетілуде. Мейірімділік пен қайырымдылық акциясы жыл соңына дейін жалғасады»,- дейді облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.

Шара кезінде ерекше балалары бар аналарға мен көпбалалы отбасыларға 15 мың теңгенің сертификаты, азық-түлік себеті мен гүл шоғы табысталды. Осындай көмек облыстың 2000-нан астам тұрғынына көрсетілді.

Солардың қатарында Мнупар Жамбылова да бар. Ол сал ауруына шалдыққан немересін тәрбиелеп отыр.

«Қызымның бес баласы бар. Оның бірі сәби күнінен сал ауруына шалдыққан. Бес баланы өсіру оңай емес. Әсіресе, ерекше қамқорлықты қажет ететін сәбиге айрықша күтім қажет. Сондықтан, Саида жиенімді өз қамқорлығыма алдым. Жиенімді емдету мақсатымен Қазақстандағы ең танымал клиниканың бәріне апардық», - дейді Мнупар Жамбылова.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Атырауда «30 игі іс» марафоны басталғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар