Атырауда 100-ге жуық адам әскери жиынға қатысуға өтініш білдірді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысында 98 адам әскери жиынға қатысуға тілек білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әскери жиынға шақырылушылар арасында медицина қызметкерлеріне, радиациялық, химиялық, биологиялық қорғаныс мамандары мен атқыштарға басымдық берілгелі отыр. Олар қатардағы жауынгер немесе мерзімді әскери қызметтен сержант, кіші сержант шенін алып оралған азаматтар болуы тиіс. Ал, медицина қызметкерлері жас шамасына қарамастан шақырылады.

«Әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру 10 сәуір мен 10 мамыр аралығында жүргізіледі. 9 сәуірде түстен кейін ниет білдірген әскери міндеттілер медициналық тексеруден өтеді. Ал, 10 сәуірден бастап арнаулы киімдермен қамтамасыз етіліп, жатақханаға орналастырылады. Егер жастар төтенше жағдай жарияланғанға дейін жұмыста болса, еңбекақысы бұрынғыша төленеді. Ал, жұмыссыз жүргендерге ең төменгі жалақы мөлшері, яғни 42500 теңге беріледі. Олар тамақпен, арнаулы киімдермен толықтай қамтамасыз етіледі» - дейді облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің баспасөз хатшысы Урбайза Абитова.

Облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментіне арнайы жиынға қатысу үшін ерікті түрде өтінім білдіргендердің бірі –тәжік-ауған ұрыс іс-қимылдарына қатысқан Қабир Ахметқалиев. Ол осы кезге дейін алғашқы әскери дайындық пәнінің ұйымдастырушы-оқытушысы болып еңбек еткен.

«Жергілікті әскери органға төтенше жағдай режиміндегі іс-шараларды атқаруға атсалысу үшін ерікті түрде келдім. Қазіргідей қиын кезде қол қусырып отыра алмадым. Өйткені, екі аптадан бері қазақстандық әскери қызметшілердің дезинфекциялау жұмысын белсенді атқарғанын көрдім. Біздің патриоттығымыз, бірлігіміз осындай кезде көрінуі тиіс. Сондықтан, барша әскери міндеттілерді жұдырықтай жұмылуға шақырамын» - дейді Қабир Ахметқалиев.

Сондай-ақ, ол әскери жиынға қатысуды азаматтық борышы санайтынын айтты.

«Азаматтық борышты қалай түсініп жүрміз? Бұл –тек әскери қызметкерлер ғана атқаратын әскери қызмет емес, төтенше жағдай кезінде баршаға жүктелетін міндет. Сол себептен, елдің амандығын ойлайтын, Отанымыздың келешегіне сенетін барша азамат әскери жиынға қатысудан бас тартпағаны жөн» -дейді ол.


Соңғы жаңалықтар