Атырауда 1 маусымда карантин алынады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырауда бүгін, 1 маусымда карантин алынады. Бұл туралы облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Темірбек Мұсағалиевтың қаулысы шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері соңғы 7 күнде Атырау облысы халқының арасында коронавирус инфекциясының 7 пайыздан төмен тіркелуін негізге алған.

Аталған қаулыға сәйкес Атырау облысы аумағында және Атырау қаласында шектеу шаралары сақталатын болады. Сондай-ақ Мақат ауданының Мақат кентінде, Жылыой ауданы және Теңіз кенішінде, Теңізшевройл компаниясының вахталық кенттерінде және мердігер компанияларда эпидемиологиялық жағдай толық тұрақтанғанға дейін созылады.

1 маусымда сағат 00.00-ден бастап Атырау қаласында ауданаралық блокпостар алынып тасталады. Ал азаматтарға тұрғылықты жерінен шығуға және қозғалуға рұқсат беріледі. Олар әлеуметтік ара қашықтықты 1,5-2 метрге дейін сақтап, міндетті түрде маска тағуы керек.

Сондай-ақ барлық кәсіпорын түрлеріне штаттық режимде жұмысын жалғастыруға рұқсат беріліп отыр.

Дегенмен ірі көлемдегі думанды, спорттық, өзге де бұқаралық шараларды өткізуге, сонымен бірге, отбасылық, еске алу шараларының, соның ішінде үйде өткізілуіне рұқсат берілген жоқ.

Бұған қоса түнгі көңіл көтеру орындардың қызметіне, кальян, адам көп шоғырланатын өзге де нысандардың жұмысына салынған тыйым күшін жоймайды.

Атап өтер жайт, қоғамдық тамақтану орындары бір мезгілде 50 орыннан көп емес, көршілес үстелдердің арасында 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтауы тиіс.

Діни нысандардың жұмысы қатаң санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, 1 маусымда сағат 7.00-ден бастап қайта іске қосылатын болады.


Соңғы жаңалықтар