Атырау полицейлері Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовты еске алды​

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облыстық полиция департаментінде Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовты еске алды​, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Департамент бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиевтың айтуынша, бейбіт күнде ерлікпен қаза тапқан батыр полицей Ғазиз Байтасовтың есімі тәуелсіз Қазақстан тарихында ерекше аталары даусыз. Ол – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында «Халық қаһарманы» атағын алған алғашқы әрі жалғыз адам.

«Бұдан 10 жыл бұрын ержүрек полицей ланкестің жолын кесіп, бейбіт тұрғындардың амандығы үшін өз өмірін қиған болатын. Ғазиз Байтасов осылайша антына берік қызметкер екенін танытты. Ол міндетіне адал, көзсіз ерліктің символы болып қала береді. Біздің парызымыз – осындай ердің есімін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру, үлгі етіп көрсету,- дейді департамент бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.

Еске салу іс-шарасында ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты №5546 әскери бөлімінің жас сарбаздарына батыр полицей туралы бейнеролик көрсетілді. Полиция департаментінің музейінде қызмет бабында қаза тапқан ержүрек батырлар туралы жан-жақты баян етілді.

Департамент басшылығы мен ардагерлер қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болғандарға арналған мемориал тақтасына гүл шоғын қойды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында браконьерден 400 келіге жуық балық тәркіленген болатын.



Соңғы жаңалықтар