Атырау облысының тағы бір ауданында «Ашық әкімдік» ашылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысының Құрманғазы ауданында «Ашық әкімдік» кеңсесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Ержан Әбілхановтың айтуынша, бұл жобаның мақсаты – тұрғындарға жедел әрі сапалы қызмет көрсету арқылы сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу. Енді аудан тұрғындары алдын ала жазылмай-ақ, мемлекеттік орган өкілдерінен құқықтық және әлеуметтік көмек ала алады.

«Президент «Халық үнінен құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынды. Осыған орай өңірде «Ашық әкімдік» жобасы қолға алынды. Ашық форматтағы кеңседе ауыл шаруашылығы, құрылыс және басқа салалар бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Біздің мақсатымыз – мемлекеттік қызметтерді бір орталыққа шоғырландыру. Мұнда «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» жасақталып, ғаламтор желісімен қамтылды. Дербес компьютерді қолдану арқылы әр тұрғын өзіне қажетті қызметті алады. Арнайы күту залы, балалардың ойын алаңы жасақталып отыр», - деді облыс әкімінің орынбасары Ержан Әбілханов.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Қанат Қожахметов бұл кеңсенің тиімді тұстарын айтып берді.

«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында екі арада адам емес, қағаздың жүгіруі қажеттігін алға тартты. Ашықтық, парасаттылық – әділдіктің басты қағидалары. Сол сеьептен, осындай форматтағы «Ашық әкімдік» кеңсесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа сәйкес келеді», - деді ол.

Аталған департамент басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыттың сөзінше, «Ашық әкімдік» кеңсесі – тұрғындар үшін қажетті ақпараттар беретін, сыбайлас жемқорлық қызмет көрсететін алаң.


«Мақсатымыз – мемлекеттік қызметкер мен қарапайым халықтың арасында тікелей диалог орнату. Мұны «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру концепциясының негізгі қағидаттарының бірі деуге болады. Тұрғындар осы кеңседен мемлекеттік қызметтерге баға бере алады», - деді Айдос Мамыт.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Жылыой мен Исатай ауданында осындай кеңселер ашылған болатын.


Соңғы жаңалықтар