Атырау облысының Бас архитекторы тағайындалды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің өкімімен облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы болып Ерлан Қайнатоллаұлы Қабдинов тағайындалды.

Ерлан Қабдинов 1982 жылы Батыс Қазақстан облысында туған. Білімі жоғары, 2003 жылы Батыс Қазақстандағы Евразия тілдер және менеджмент институтын «экономист», 2012 жылы Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университетін «ғимараттар мен құрылыстарды есептеу және жобалау» мамандығымен бітірген.

Еңбек жолын 2000-2003 жылдары «General Electric» халықаралық компаниясында менеджер болып бастаған. 2003-2006 жылдары Астана қаласындағы «Аль-Тагир» ЖШС директорының орынбасары, 2006-2009 жылдары Атырау және Ақтау қалаларындағы «БК-Стройпроект» ЖШС-нің бас директоры, 2009-2011 жылдары Ақтау қалалық саулет және қала құрылысы бөлімінің техникалық қызметкері, бас маманның міндетін атқарушы, сондай-ақ бас маманы болған.

2011-2013 жылдары Астана қалалық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің бас маманы, кейін Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, қадағалау, лицензиялау және аттестаттау департаменті аттестаттау басқармасының сарапшысы болған. 2013-2014 жылдары ҚР Өңірлік даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінде аттестаттау басқармасының бас сарапшысы, 2014-2016 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігінде құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару, лицензиялау және аттестаттау басқармасының бас сарапшысы лауазымын атқарған.

2016-2018 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетінде лицензиялау мен аттестаттауды мониторингілеу және бақылау басқармасының бас сарапшысы, 2018-2019 жылдары Атырау қалалық білім бөлімі басшысы орынбасарының міндетін атқарушы, басшы орынбасары болды.

Осы тағайындауға дейін Атырау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы болып жұмыс істеген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында Табиғи ресурстар басқармасына жаңа басшы келген еді.


Соңғы жаңалықтар