Атырау облысының әкімі Индер ауданында жұмыс орындарын ашуды тапсырды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Индер ауданында ауыл шаруашылығы, тұрғын үй құрылысы және елді мекендерді асфальттау жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Қазір аудандағы Көктоғай, Елтай, Қызылжар, Ақтан елді мекендерінде ауылішілік автокөлік жолдары мен жаяу жүргіншілер жолдарын асфальттау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Көктоғай ауылындағы жолдарды жөндеу жұмыстары биылғы мамырда басталған. Мұнда 12,9 шақырым жол төселеді. Жөндеу жұмыстары 2021 жылдың ақпан айында аяқталады деп жоспарлануда. Ал, жүргізілген жұмыстар 276 адамды қызметке орналастыруға мүмкіндік берген. Олардың 138-і Жұмыспен қамту орталығы арқылы келген.

Облыс басшысы Индер ауданының әкімі Мейірім Калауиға жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасын қадағалауды және барынша жергілікті кадрларды тартуды тапсырды.

«Бұл жұмыстар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылуда. Сондықтан, жергілікті кадрларды жұмылдыру қажет. Қазір Теңіз кенішіндегі кейбір аса маңызды емес жұмыстардың уақытша тоқтатылуына байланысты біраз адам аудандарға қайтып оралды. Міне, сол азаматтардың тәжірибесін де пайдалану қажет. Осылайша, халықты жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мәселелерін шешіп отырамыз», - деді Махамбет Досмұхамбетов.

Елтай елді мекенінде де осындай жұмыстар іске асырылуда. Мұндағы жол жөндеу жұмыстарына 382 адам тартылған. Оның ішінде 194-і Жұмыспен қамту орталығы арқылы орналасқан азаматтар.

Индер ауданының әкімі Мейірім Қалауидің айтуынша, шалғай орналасқан Қызылжар мен Ақтан елді мекендеріне жол салу аудан орталығымен қатынас мәселесін шешуге әсіресе, оқушыларды оқу орындарына тасымалдауға, шұғыл қызмет көліктерінің келуіне мүмкіндік береді. Үш шақырымдық автокөлік жолын төсеу жұмыстары алдағы қыркүйекте аяқталуы тиіс. Ал, Аққала ауылының фельдшерлік-акушерлік пунктінің жаңа ғимараты пайдалануға берілген. Ауыл тұрғындары қажетті барлық медициналық көмекті алады.

Сондай-ақ, жақында аудан орталығында ауыл шаруашылығы колледжі жатақханасының жаңа ғимараты пайдалануға берілмек. Нысанның құрылысы толығымен аяқталған. Қазір асханаға қажетті құрылғылар, жиһаз және басқа да қажеттіліктер үшін ішкі жабдықтар орнатылуда. 100 орындық жатақханада студенттер ғана емес, колледж оқытушылары да орналасады Ауданда 4 үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Тұрғын үйлерді тапсыру 2021 жылға жоспарланған.

«Слава» шаруа қожалығының фермерлері 75 гектар жерге көкөніс пен бақша дақылдарын отырғызып, жергілікті халық пен облыс тұрғындарын өз өнімдерімен қамтамасыз етуде.

Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов аудан басшыларына жаңа жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын жандандыруды, сондай-ақ туризм саласындағы жобаларды іске асыруға қажетті жағдай жасап, өнеркәсіп өнімдерінің көлемін ұлғайту мен шағын және орта бизнесті дамыту мәселелерін шешуді тапсырды.


Соңғы жаңалықтар