Атырау облысында ұлттық халық санағынан 539 321 адам өтті

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында ұлттық халық санағынан 539 321 адам өтті. Бұл өңір тұрғындарының 81 пайызын құрап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттық статистика бюросы Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Галя Мұханғалиеваның мәліметінше, интервьюерлердің санақ кезіндегі тұрақсыздығы, кейбір тұрғындардың үйінің есігін ашпауы санақты мерзімінде аяқтауға кедергі болып отыр.

«Атырау облысында 24 қазандағы мәліметке сәйкес, 292 317 адам халық санағынан онлайн режимінде өтті. Бұл – облыс тұрғындарының 44 пайызы. Онлайн және оффлайн әдісімен санақтан өткендердің жалпы саны 539 321 адамды құрап, облыс тұрғындарының 81,2 пайызын қамтып отыр. Ал, Жылыой, Индер аудандарында санаққа қатысқандардың көрсеткіші 90 пайыздан асты» -дейді Галя Мұханғалиева.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов ұлттық халық санағына қатысты жұмысты әлі де жүйелі ұйымдастыруды жүктеді.

«Тұрғындарға санақтың еліміз үшін, жалпы әлеуметтік жағдайды бағдарлау үшін аса маңызды екенін түсіндіру қажет. Сондықтан, ұлттық халық санағын мерзімінде аяқтау үшін атқарылатын жұмысты орындау әрбіріміздің міндетіміз»,-деді Махамбет Досмұхамбетов.

Еске сала кетелік, Атырау облысында онлайн санақтан өткендер саны 200 мыңнан асқанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар