Атырау облысында төтенше жағдай кезінде 46 адам әкімшілік қамауға алынған

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында төтенше жағдай кезінде 254 әкімшілік хаттама толтырылып, 46 адам қамауға алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиевтің айтуынша, 5-19 қаңтар аралығындағы төтенше жағдай режимі кезінде стратегиялық нысандардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.

«Облыс орталығында - 4, Жылыой ауданындағы Теңіз кен орнында 1 блокбекет орнатылып, автокөліктерді тексеру жүргізілді. Атырау қаласындағы 6 көпірдің екі жағынан 12 бекет қойылды. Коменданттық режимді бұзғандарға 254 әкімшілік хаттама толтырылып, 46 адам әкімшілік қамауға алынды. Ал 19 адамға айыппұл салынып, 117 адамға ескерту берілді. Төтенше жағдай талаптарын орындамауға қатысты 2 дерек анықталды. Осы кезеңде алкоголь ішімдіктерін сатқан 6 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп мәлім етті Қамза Үмбетқалиев.

Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде қоғамдық тәртіпті сақтауға полиция қызметкерлерімен бірге 97 ерікті үлес қосқан.

«Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау үшін полиция қызметкерлері күшейтілген режимдегі жұмысын одан әрі жалғастырады. Бүгін Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сай, жағдайды тұрақтандыру, заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын-алу іс-шарасы басталды», - дейді Қамза Үмбетқалиев.

Бұған дейін Атырау облыстық әкімдігінің бүлінген ғимараты қалпына келтірілгенін хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар