Атырау облысында төртінші «Ашық әкімдік» ашылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында төртінші «Ашық әкімдік» кеңсесі Махамбет ауданында ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Махамбет ауданының әкімі Жәрдемғали Ахметовтің мәлім етуінше, енді мұнда тұрғындар сәулет, жер қатынастары, білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, азаматтық хал актілерін тіркеу, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй қатынастары мәселелері шешімін табады.

Сервистік әкімдікте халыққа қызмет көрсету орталығы мен «Қазпошта» өкілдері де қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, тұрғындар қажетті қызметке жүгіну үшін электронды кезекке тұрады.

«Мен енді тұрғындарды сервистік әкімдікте қабылдаймын. Бұдан былай аудан тұрғындарына әкімдікке барудың қажеті жоқ. «Ашық әкімдік» кеңсесінде оларға кедергісіз қызмет көрсетіледі», - дейді Жәрдемғали Ахметов.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыттың айтуынша, сервистік әкімдік «халық күніне құлақ асатын» мемлекет тұжырымдамасын іске асыру мақсатында ашылып отыр.

«Бұған дейін сервистік әкімдіктің фронт-кеңселері үш ауданда ашылған еді. Мақсат – билік пен халық арасындағы байланысты нығайтып, сапалы мемлекеттік қызмет көрсету. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтің ашықтығын қалыптастыруда мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру. Тұрғындар әкімдіктің бөлімдерін іздеп, уақытын жоғалтпауы керек. Сол себептен, «Ашық әкімдіктің» жұмысы ашық әрі сапалы болады» -дейді Айдос Мамыт.

«Ашық әкімдік» кеңсесінде өзіне-өзі қызмет көрсету секторы мен балалар алаңы да бар.



Соңғы жаңалықтар