Атырау облысында орман қорын молайтудың кешенді жоспары бекітілді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында орман қорын молайтудың кешенді жоспары бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқовтың мәліметінше, Атырау облысы бойынша ормандарды өсіру мен молайтудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары, сондай-ақ Елді мекендерді көгалдандыру мен жасыл аймақтар құрудың 2021-2025 жылдарға арналған өңірлік жоспары әзірленіп, бекітілген.

«Кешенді жоспарға сәйкес, Атырау облысындағы мемлекеттік орман қорының 2 803 гектар жеріне алдағы 5 жыл ішінде 7,075 миллион көшет егу жоспарланып отыр. Оның ішінде, биыл орман қорының 309 гектар аумағына 905 мың көшет отырғызу қаралған (көршілес Батыс Қазақстан облысында 15 096 гектар жерге 57 миллион, ал Ақтөбе облысының 30 744 гектар жеріне 60,1 млн көшет). Көктемгі науқанда 250 гектар жер учаскесіне 696,4 мың көшет отырғызылды. Қазір 59 гектарға 208,6 мың көшет отырғызу жұмыстары жүргізілуде», - дейді Нұрлан Жантоқов.

Оның дерегіне қарағанда, облыстың елді мекендерінде бес жылда 279 гектарға 540 мың көшет отырғызу көзделген. Биыл 48 гектарға 86 320 тал егу жоспарланса, көктемгі науқанда 24 гектарға 48 714 ағаш көшеті отырғызылды.

«Орман қорының аумағында орман өсіру, молықтыру, күтіп-баптау, сондай-ақ суару жұмыстарын жүргізу орман шаруашылығы мекемелеріне міндеттеліп отыр. Ал, елді мекен аумақтарында көшеттерді күтіп-баптау мен суаруды қалалық және аудандық әкімдіктердің тиісті бөлімдері жүргізеді. Алдағы уақытта егілген талдарды күтіп-баптау мен тамшылатып суару жұмыстарын айқындауды жүзеге асыратын арнайы комиссия құру жоспарланып отыр», - дейді Нұрлан Жантоқов.

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында 2025 жылға дейін 7 млн көшет егілетінін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар