Атырау облысында оқушылар мектепте маска тігуді үйреніп жүр

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысындағы Қызылүй негізгі мектебінің оқушылары көркем еңбек сабағында маска тігуді үйренуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қызылүй мектебі Исатай ауданының орталығынан 35 шақырым қашықта орналасқан. Мектеп директоры Қабыл Ғұбашевтың мәлім етуінше, мұнда оқушылар 9-сыныпқа дейін оқиды. Былтыр NCOC компаниясының демеушілігімен 80 орындық білім ордасының жаңа ғимараты пайдалануға берілген.

Қазір мектептің 1-9 сыныптарында 41 оқушы білім алады. Өткен оқу жылының төртінші тоқсанында оқу жүйесінде ауылда интернет жоқтығына байланысты қиындық болған.

«Оқушылар санының аздығы байланысты сабақтың штаттық режимде өтуі ауылдағы интернет қиындығын жеңілдетті. Мектептің робототехника, биология, көркем еңбек сыныптары соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтылған. Ұлдар еңбек пәнінде станоктарда жұмыс істеуге машықтанады. Ал қыздар еңбек пәнінің мұғалімі Майдагүл Хайруллинаның тәжірибесімен іс машинасын пайдаланып, маска тігуді үйреніп жүр» -дейді директор Қабыл Ғұбашев.

Оның айтуынша, қызылүйлік оқушылар бір айға жетпейтін уақытта 100-ге жуық маска тігіп үлгерген.

«Мектепке тігіншілік, аспаздық мамандыққа арналған құрал-жабдықтардың келуі оқушылардың мамандық таңдауына септігін тигізіп отыр. Қазір 8-9 сыныпта оқитын қыздардың арасында тігіншілік мамандықты меңгеруге ниет білдіргендер бар. Олар бос уақытында көйлек, кеудеше тігудің қыр-сырын сұраудан жалықпайды»- дейді көркем еңбек пәнінің мұғалімі Майдагүл Хайруллина.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысының мектептеріне 738 353 дана оқулық жеткізілгенін хабарлап едік.


Соңғы жаңалықтар