Атырау облысында науқас қазасы бойынша айыпталған екі дәрігер сотталды

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысы Құрманғазы аудандық ауруханасының науқасқа көмек көрсетпегені үшін айыпталған екі дәрігеріне қатысты қылмыстық іс қаралып, сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігерлерге ҚР Қылмыстық кодексі 317-бабының 3-бөлігімен айып тағылған.

«Сот талқылауында мына жайттар анықталды. Стационардың инфекционист дәрігері Ш. және анестезиолог-реаниматолог дәрігері Ж. 2020 жылдың 29, 30, 31 желтоқсанында пневмония және қант диабеті қосалқы ауруы диагнозымен ауруханаға түскен науқас К.-ға тиісті медициналық көмек көрсетпеген. Дәрігерлердің кәсіптік міндеттеріне ұқыпсыз қарауы және оларды тиісінше орындамауы салдарынан науқас қайтыс болды. Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың, сарапшылардың айғақтарымен, комиссиялық сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен өз дәлелін тапты», - деп мәлімдеді Құрманғазы аудандық сотының баспасөз қызметінен.

Прокурор екі сотталушыға дәрігерлік қызметпен айналысу құқығынан 3 жыл, бас бостандығынан 2 жыл 6 ай мерзімге айыру түріндегі жаза тағайындауды, сондай-ақ сотталушылар онша ауыр емес қылмыс жасағандықтан, оларды рақымшылық актісі бойынша негізгі жазадан босатуды сұрады.

Сот жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде олардың бұрын сотты болмағанын, сотталушы Ш.-ның жас балалары барын ескерді.

«Сотталушылардың әрқайсысының рөлін және жәбірленушілердің пікірін ескере отырып, сот Ш.-ға 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазаны, сондай-ақ 3 жылға дәрігерлік қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жазаны тағайындады. Ж.-ға 2 жыл 6 ай мерзімге дәрігерлік қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Қылмыстық кодекске сәйкес Ш. және Ж.-ның әрекеттері онша ауыр емес қылмыстарға жататындықтан, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңға сәйкес олар бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазадан босатылды. Сотталғандардан жәбірленушілердің пайдасына 8 млн теңге моральдық залал өтемақысы өндірілді», - деп мәлім етті аудандық соттың баспасөз қызметінен.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда аурухана директоры сотталып, ауыл әкімі үйқамаққа алынғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар