Атырау облысында кәсіпкерлік нысандарының саны 50 мыңнан асты

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында кәсіпкерлік нысандарының саны 50 мыңнан асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен жиында белгілі болды.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Азамат Сәлімбаевтың мәлім етуінше, өткен жылы өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің саны 50 239-ға жеткен.

«Былтыр пандемия жағдайына қарамастан өңірде шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің өсімі байқалды. Әсіресе олардың саны облыс орталығында, Индер мен Қызылқоға ауданында артты. Сондай-ақ, 55,7 мың тонна ет, 64,7 мың тонна сүт өндіріліп, ауыл шаруашылығы өнімінің қоры өсті. Бұдан бөлек, мүйізді ірі қара, қой мен ешкі, жылқы, түйе саны артып отыр», - дейді Азамат Сәлімбаев.

Оның айтуынша, өткен жылы 24 044 жаңа жұмыс орны құрылған. Оның ішінде 15 400 тұрақты жұмыс орны бар.

«Жұмыспен қамту орталығы арқылы 25 мыңға жуық адам еңбекке араласты. Қоғамдық жұмысқа 6 357 адам орналастырылса, 663 адам әлеуметтік жұмыстарға, 16 817 адам вакантты жұмыс орындарына және 1 081 түлек жастар тәжірибесіне жіберілді. Ал, «Еңбек» бағдарламасының бағыттарымен 29 231 адам қамтылды», - дейді экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Азамат Сәлімбаев.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов жұмыссыздықтың алдын алу мәселесіне баса мән беріп, осы бағыттағы бағдарламалардың орындалуын қадағалауды тапсырды.

«Биыл жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайыздан асырмау бағытында нақты шаралар қабылдау қажет. Тұрақты жұмыс орындарын құру жоспарына сәйкес, 12 800-ден асырған жөн. Сонымен қатар шағын және орта кәсіпкерлік бойынша нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізуді, салаға қатысты обьектілердің уақытылы пайдалануға берілуін қадағалауды тапсырамын», - деді Махамбет Досмұхамбетов.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Әбдуахит Әбішевтің айтуынша, биыл 800 млн теңгенің алты жобасын іске асыру жоспарланып отыр.

«Өңірдің өнеркәсіп өндірісі мен инвестиция көлемін арттыру – аса маңызды. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы саласына қолдау жасалады. Ауыл шаруашылығы басқармасы мен Атырау қаласының әкіміне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырамын. Тұрақтандыру қоры арқылы алынған өнімдермен қала және аудан орталықтарындағы ірі сауда орындары қамтамасыз етілуі керек», - деді облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар