Атырау облысында 8 мыңнан астам кәсіпкерлік нысан Ashyq жүйесіне қосылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазіргі уақытта Атырау облысында 8409 кәсіпкерлік нысан Ashyq жүйесіне қосылып, жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыс бойынша 13 қыркүйектегі дерекке сәйкес, Ashyq жүйесіне қосылған 8409 кәсіпкерлік нысан өз жұмысын жалғастырып жатыр. Олардың жұмыс барысы қадағаланып отырады. Қыркүйек айында өңірдегі Ashyq жүйесімен жұмыс істеп тұрған 4848 нысан тексеріліп, оның 292-і сонғы 2 апта бойын жүйені қолданбауына байланысты 2 апта мерзімге бағдарламадан шығарылып отыр», - деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, әкім орынбасары өңірдегі бүгінгі эпидахуалға тоқталып өтті.

«Облыста індет басталғалы 49500 адамнан COVID-19 коронавирус инфекциясы анықталды. Соңғы тәулік ішінде 98 жағдай тіркеліп отыр. Жалпы бүгінде КВИ-ге шалдыққан науқастардың 93% сауығып шықты. Өңірде коронавирус инфекциясының таралуы соңғы бір ай көлемінде оның алдындағы аймен салыстырсақ 5,6 есе төмендеп отыр», - дейді ол.

Спикер берген мәліметке сүйенсек, аталған аймақта 624 орындық инфекциялық стационар әзірленді, оның 40-ы - реанимациялық төсек-орын.

Қазіргі таңда инфекциялық стационарда 518 науқас ем алып жатыр және облыс бойынша төсек-орын жүктемесі - 22%.


Соңғы жаңалықтар